Жаңалықтар

Утильалымнан түскен ақша қайда жұмсалып жатыр – министр есебін берді

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев утильалым салығынан түскен ақша қайда жұмсалып жатқанын айтып берді.

Мәжіліс кулуарында журналистер «Жасыл даму» арқылы жиналатын утильалым қаржысының нақты қайда бағытталатыны халыққа түсініксіз екенін айтып, министрден ақшаның қайда кетіп жатқанын сұрады.

Ерлан Нысанбаев бұл бағытта қаржы ағынының бәрі ашық емес деген пікірмен келіспейтінін айтты.

«Біріншіден, қаражатты жұмсалу мәселесі қатаң бақылауда. Әр жыл сайын алдағы жылға арналған қаржылық саясат бекітіледі. Сол құжат аясында жыл сайын кіріс және шығыс бөліктері болжанады. Біз оны қалаған жерімізге жібере салатын адамдар емеспіз», – деді ол.

Нысанбаевтың сөзінше,  Экологиялық кодекстің 388-бабында утильалым қаражатын жұмсаудың 14 бағыты нақты көрсетілген. Қаражат дәл осы бағыттар бойынша игеріледі.

«Біз қаражатты осы 14 бағыт бойынша жұмсаймыз. Бүгінде орман саласына өрт сөндіру машиналарын сатып алуға қаржы бөлдік. 2023 жылы орман саласындағы жабдықталу деңгейі 68–70 пайыз болған. Бүгінде орман өрттері туралы айтқанда, бұл тек ағаштың жойылуы ғана емес екенін түсіну керек. Бұл – орманның сыйымдылығының жоғалуы мәселесі. Бұл экологиялық жоба. Бұл қаражат қайтарылмайды. Ол алдын алу шараларына жұмсалады», – дейді ол.

Министр сонымен қатар қайтарымды негізде 10 млрд теңгеден астам қаражат ерте анықтау жүйесін енгізуге жұмсалып жатқанын, қазіргі таңда орман өрттерін ерте анықтау жүйесі әлемнің көптеген елдерінде тиімді қолданылатынын атап өтті. Сонымен қатар Нысанбаев утильалым салығынан түскен 165 млрд теңге автоөндіріске берілгенін айтты.

Еске салсақ, жақында утильалымның жаңа мөлшері бекітілді. Кеше Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Ресейге жауап ретінде утильалымды арттыратынын мәлімдеген.