Жаңалықтар

WhatsApp-пен ыдыс сатып, 50 млн теңгені жымқырған ерлі-зайыпты сотталды

фото: shutterstock

Жамбыл облысында тұрмыстық тауар сатамыз деп, жүзден аса адамды алдаған ерлі-зайыптыларға қатысты үкім шықты. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Сотталушылар 2024 жылы желтоқсанда WhatsApp мессенджерінде ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника сатамыз деген хабарландырулар жібере бастайды. Тергеудің дерегінше, алғашында сатып алушылардың сеніміне кіру үшін бірінші клиенттерге тауарларды нақты жеткізген. Бірақ басқа азаматтардан тапсырыстың ақшасын алғанмен, тауарларды бермеген. Ал қаражатты қайтармай, өз қалауынша жаратқан.

Нәтижесінде 112 адам зардап шегіп, 51 млн теңге көлемінде материалдық залал келген. Сот үкімімен күйеуі 2 жыл 8 айға, ал жұбайы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.

«Жамбыл облысының прокуратурасы азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде қырағылық танытуға, бағасы едәуір төмен ұсыныстарға тиісті кепілдіктер мен құжаттарсыз сенбеуге, ал алаяқтық деректері туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады», – деп ескертеді құзырлы органдардан.

Осыған дейін полиция WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын айтып, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды. Құзырлы органның мәліметінше, кибералаяқтар GhostPairing әдісін қолданып, WhatsApp аккаунттарына жасырын түрде қол жеткізе алады екен.