Жаңалықтар

Wildberries қазақстандық Solva-ны сатып алуға келіссөз жүргізуде – Рысмамбетов

Wildberries қазақстандық Solva-ны сатып алу бойынша келіссөздер жүргізуде – Рысмамбетов / Фото: Серікжан Қобыланбаев

Ресейлік миллиардер Татьяна Кимге тиесілі Wildberries қазақстандық Solva («ОнлайнКазФинанс») микроқаржы ұйымының үлесін сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы қаржыгер Расул Рысмамбетов өзінің ArtFinanz Telegram-арнасында мәлімдеді.

«Қаржы институттары нарығында қозғалыс жалғасуда. Wildberries қазақстандық Solva-дан үлес сатып алу бойынша келіссөздер жүргізуде. Wildberries те, Ozon да өзінің қазақстандық бағытын белсенді дамытып жатқаны түсінікті», – деді сарапшы.

Kursiv.Media-ға білдірген пікірінде қаржыгер мәмілеге жақын жеке дереккөзі бар екенін нақтылады. Оның егжей-тегжейі әзірге белгісіз, ал басты сұрақтардың бірі ретінде Solva-ның бұдан былайғы тағдыры болды. Яғни МҚҰ ретінде жұмысын жалғастыра ма әлде банктік лицензия алуға тырыса ма?

Рысмамбетовтың пікірінше, егер МҚҰ сатылған жағдайда Wildberries-тің барлық қаржылық операциялары Solva-ға ауысуы екіталай. Сонымен қатар, қаржыгер мәмілелердің тіпті 20%-ның ауысуы Қазақстан банк секторы үшін жағымсыз сценарий болатынын атап өтті.

Kursiv.Media жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін Solva мен Wildberries-ке сауал жолдады.

Материал жарияланған сәтте Solva жауап беріп үлгермеді. Wildberries, өз кезегінде: «Компания нарықтағы қауесеттерге түсініктеме бермейді және ресми хабарламаларға сүйенуге шақырады», – деп мәлімдеді.

KASE мәліметтері бойынша, «ОнлайнКазФинанс» МҚҰ-ның құрылтайшылары: Neo Crystal Holdings (12% үлес тиесілі), Solva Group (13%) және Solva Capital (75%).