Жаңалықтар

Жәнібек Әлімханұлы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды

Жәнібек Әлімханұлы
Фото: Instagram/rakhimzhan_yerdenbekov

International Boxing Federation (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырды. Бұл туралы Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков хабарлады.

Оның айтуынша, шешім ұйымның қатаң ережелеріне байланысты қабылданған.

«IBF-тен ресми шешім келді. Өздеріңіз білетіндей, бұл ұйымның ережелері өте қатаң. Хатта көрсетілгендей, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін шеттетілді. Сондай-ақ IBF ережесіне сәйкес кез келген чемпион өз белбеуін 9 айдың ішінде қорғауға тиіс. Яғни Жәнібек титулын 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін қорғауы керек еді. Осы жағдайларға байланысты 2026 жылдың 5 наурызында IBF директорлар кеңесі титулды бірден бос деп жариялау туралы шешім қабылдады», – деді Ерденбеков.

Федерация басшысы бұл жағдай Жәнібектің командасы үшін үлкен сабақ болғанын айтты.

«Мен федерация президенті ретінде бұл жағдай Жәнібек командасына үлкен сабақ болды деп есептеймін. Дегенмен ол биыл үлкен рингке қайта оралып, бұрынғыдан да мықты боларына сенемін. Алдағы уақытта барлық төрт әлемдік белбеуді жеңіп алады деп ойлаймын. Сонымен қатар Жәнібек командасы бұл шешімге қатысты апелляция беретін болады», – деп қосты ол.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы допинг-тестен өте алмай қалған. Осыған байланысты Қазақстан кәсіби бокс федерациясы оны алты айға жекпе-жектерден шеттеткен болатын.

Соған қарамастан, қазақстандық боксшы әлі де World Boxing Organization (WBO) нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады. Алайда ұйым ақпан айында оны допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін, 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін бір жылға шеттеткен еді.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының ағзасына допинг қалай түскені туралы жазған едік.