Жаңалықтар

Қазақстан экологиялық саммит өткізуге 2,7 млрд теңге жұмсамақ

Фото ChatGPT-мен жасалды

Қазақстанда 2026 жылғы сәуірде алғаш рет Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) өтеді. Шараға мемлекет басшылары, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. Ауқымды шараға қанша қаржы жұмсалады? Бұл сұраққа Экология министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді.

Министрдің айтуынша, саммитті өткізуге 2,7 млрд теңге жұмсалады, алайда бұл қаражат бюджет есебінен емес.

Үлкен шараны қаржыландыруды қазақстандық кәсіпкерлер өздері жүзеге асырады. Панельдік сессиялар мен пленарлық отырысты ұйымдастырумен тікелей «Gas Expo Congress» ұлттық компаниясы айналысады.

«Бюджеттен бір тиын да алмаймыз. Барлығы демеушілердің қаражаты есебінен жасалады», деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, шара аясында әлемнің 20 елінен 160 компанияны қамтитын ауқымды көрме өтеді. Оны ұйымдастыруға да осы ұйымдар өз қаражаттарын жұмсайды.

«Олар жаңа технологияларды әкеледі, оны бүгінгі таңда өздері енгізіп, қолдануда. Менің ойымша, бұл өте пайдалы болады. Сондай-ақ, көптеген келісімшарттар жасалады деп күтудеміз», – деді Экология министрі.

Қазақстанға экологиялық саммиттің қандай пайдасы бар

Ерлан Нысанбаевтың пікірінше, мұндай шаралар елдің экологиялық мәселелеріне халықаралық назар аударуға қажет. Әсіресе, Арал мәселесі назарда болады.

«Бұл – Арал мәселесі. Ол көп айтылған тақырыпқа айналған және өзектілігін жоймады. Бұл – Каспий проблемалары, мұздықтар мен таулы жүйелер, шекаралық өзендердің мәселелері. Форум барысында біз халықаралық қаржы ұйымдарының жетекшілерімен диалог жүргізуге мүмкіндік аламыз. Олар бүгінгі күні де біздің проблемаларға қызығушылық танытып отыр», – деп атап өтті Нысанбаев.

Айта кетейік, осыған дейін Президент Қазақстан халқына жолдауында Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны алаңдаушылық білдірді. Мұның келешекте экологиялық апатқа айналуы мүмкін екенін де айтып өтті. Осыған байланысты үкіметке жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырды.