
Экология министрлігінің қоймаларында шамамен 20 тонна киік мүйізі бар. Оның барлығы заңсыз киік аулаған броконьерлерден алынған. Биыл оларды экспортқа шығарып сату жоспарланып отыр. Бұл туралы Экология министрі Ерлан Нысанбаев айтты.
Министрдің айтуынша, киік саны реттелген кезде олардың мүйіздері кесіліп алынып, қабылдау пункттерінде және жергілікті әкімдіктерде арнайы ақпараттық жүйеде белгіленеді. Кейін олар күзетпен Алматыға жеткізіледі. Онда арнайы салынған тоңазытқыш қоймалар бар. Бұл қоймаларда белгілі бір температуралық режим мен ауа ылғалдылығы сақталады. Әр мүйіз жеке нөмірленіп, таңбаланған және оның қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін белгісі бар.
Киік мүйіздерін сатудан түскен қаржы қайда жұмсалады
Сирек және жойылып бара жатқан тұяқты жануарларды қорғау жөніндегі Бонн конвенциясының шешіміне сәйкес, Қазақстан жылына 10 тоннадан артық киік мүйізін сата алмайды. Қазір оларды сату механизмін Экология министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп әзірлеп жатыр.
«Менің ойымша, екі айдың ішінде аукцион жариялап, мүйіздерді сатуды бастаймыз»,– деді Нысанбаев.
Министрдің сөзінше, киік мүйіздерін сатудан түскен қаражат биологиялық әртүрлілікті сақтауға, киіктерді қорғауға, сондай-ақ қажетті көлік сатып алуға жұмсалады.
Еске салайық, Самарқанда өткен CITES Конвенциясы тараптарының 20-шы конференциясында Қазақстандағы киік мүйізіне нөлдік экспорттық квотаны алып тастау туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, елде киік санын реттеу шарасы басталғалы 175 мыңнан астам киік сойылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, киіктердің санын реттеу жұмыстарына жауапты 35 сою пунктінің 27-сі тәулігіне 5 885 бастан сойған.