Жаңалықтар

Алаяқтар референдумның атын жамылып, алдауға көшті

фото: Серікжан Қобыланбаев

Алаяқтар референдумды пайдаланып, қазақстандықтарды алдауға көшті. Жалған ақпаратпен күрес орталығы осылай ескертеді.

Қаскөйлер «бюллетеньді тіркеу» немесе онлайн дауыс беруге қатысу үшін SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Ведомство референдумға тіркелу үшін ешқандай қоңырау шалу қарастырылмағанын еске салды.

Мамандар дауыс беру процесіне қатысты келесі жайттарды баса айтты:

  • Дауыс беру тек қана сайлау учаскелерінде өтеді.
  • Тек қағаз бюллетеньдер қолданылады.

Қазақстандықтардан жеке мәліметтері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға айтпауды, тек дауыс беру комиссияларының ресми ақпаратына сенуді сұрайды.

Референдум 15 наурызда өтеді. Референдумда «Жобасы БАҚ-та 2026 жылдың 12 ақпанында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылады.

Сол күні Астана, Алматы, Атырау мен Ақтауда автобустар тегін жүреді.