
Астанада көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер көпқабатты үйдің екінші қабатындағы пәтердің жанып жатқанын анықтады. Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында өрт қысқа мерзімде ауыздықталды.
«Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 11 адам, оның ішінде 4 бала өз бетінше эвакуацияланды. Өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы тағы 3 адамды, соның ішінде бір баланы құтқарды», – деп хабарлады ведомстводан.
Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.
Еске салсақ, 27 ақпан түнде Ақмола облысындағы Щучинск қаласында тұрғын үйде орналасқан дәмханада газ жарылды. Салдарынан тоғыз адам қайтыс болды, тағы жеті адам ауыр жарақатпен ауруханада жатыр.