
12 наурыз күні Атырау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алды, деп хабарлады Атырау горнизонының баспасөз қызметі.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға қаруды абайсыз қолдану салдарынан болуы мүмкін.
Жараланған әскери қызметші дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Марқұмның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетіні хабарланды.
Аталған дерек бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары жетекшілік ететін арнайы комиссия жіберілді. Тексеру жан-жақты әрі объективті жүргізілмек. Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның бақылауында.