Банкке айналуға ниетті Solva шағын қаржы ұйымы банкрот болудың алдында тұр ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Solva дефолт алдында тұр ма / Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанның қаржы нарығында ірі микроқаржы ұйымдарының бірі – Solva (ОнлайнКазФинанс) компаниясының төлем қабілеттілігіне қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Экономист Эльдар Шамсутдиновтың таратқан ақпаратына сәйкес, компанияда дефолт ықтималдығы ашық талқылана бастаған.

Сонымен қатар нарықта Wildberries маркетплейсінің Solva-ны сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатқаны жайлы ақпарат та пайда болды.

10 млрд доллар шығынға батты

Компанияның 2025 жылғы қаржылық көрсеткіштері шынымен де күрделі: активтері 152,9 млрд теңгені құраса, кредиттік портфелі 151,1 млрд теңгеге жеткен.

Алайда жыл қорытындысы бойынша компания 10,1 млрд теңге шығын алып, меншікті капиталы 18,1 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Проблемалық несиелердің үлесі (NPL) 23%-дан асып, 30 күннен астам кешіктірілген төлемдер 34,9 млрд теңгеге жуықтаған.

Кредиттік рейтингтің кері қайтарылуы мен МҚҰ-ның банкке айналу процесі қосымша қысым түсірмек. Себебі бұл трансформация үлкен көлемдегі резервтер жинақтауды талап еткен болуы мүмкін.

Қазіргі кезде компанияның биржада 158 млн теңгелік және 20 млн долларлық облигациялары бар, сонымен бірге AIX алаңында да ірі облигациялық бағдарламалары жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Solva екі бірдей облигация шығарылымын өтеуге тиіс.

Компания ақпаратты жоққа шығарды

Дегенмен Solva басшылығы LS басылымына берген пікірінде бұл ақпараттарды ресми түрде жоққа шығарып, ақпаратты негізсіз деп атады.

Компания өкілдерінің айтуынша, олар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, өтімділік деңгейі жеткілікті және өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатыр, өз тарихында ешқашан төлемдерді кешіктірмеген.

Ал 10,1 млрд теңге көлеміндегі шығын – банкке айналу стратегиясы аясындағы консервативті тәуекелдерді басқарудың нәтижесі. Яғни, болашақ банк ретінде қосымша резервтер (провизиялар) құру уақытша пайданың азаюына әкелген.

Сарапшылардың пікірінше, компания алдағы төлемдерін жаба алатын әлеуетке ие, бірақ эмитент төңірегіндегі жағдай әлі де шиеленісіп тұр.

Қазіргі таңда нарық қатысушылары Wildberries-пен келіссөздердің қалай аяқталатынын және алдағы облигациялық төлемдердің қалай жүзеге асатынын бақылап отыр.

KASE мәліметтері бойынша, «ОнлайнКазФинанс» МҚҰ-ның құрылтайшылары: Neo Crystal Holdings (12% үлес тиесілі), Solva Group (13%) және Solva Capital (75%).

Сондай-ақ оқыңыз