БҚО-да тоғыз жасар бала өртеніп жатқан үйден бауырларын құтқарып қалды
Жарияланды

Батыс Қазақстан облысында өрт сөндірушілер өртеніп жатқан үйден екі кішкентай бауырын алып шыққан жас батырды марапаттады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға Арал төбе ауылында орын ала жаздаған. Өрт кішкентай балалар отырған тұрғын үйде тұтанған. Тоғыз жасар Бейбарыс Тілекберген абдырап қалмай, өрт сөндірушілер келгенше бүлдіршіндерді тез арада сыртқа, қауіпсіз жерге шығарған.
Шақырту бойынша жеткен өрт сөндірушілер шамамен бес шаршы метр аумақты шарпыған өртті жедел түрде ауыздықтады.
Өңірлік ТЖД бастығының орынбасары Елдос Батталов Бейбарысқа батылдығы мен ширақтығы үшін алғыс хат табыс етті.
«Баланың жылдамдығы мен ержүректігінің арқасында қайғылы салдардың алды алынды», – деп атап өтті құтқарушылар.