Бүгінде 90 мыңнан астам жастарымыз шетелде кедергісіз білім алуда – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде 90 мыңнан астам қазақстандықтың шетелде кедергісіз білім алып жатқанын мәлімдеді.
«Біз – бейбіт елміз. Қазақстанның көк түсті төлқұжатын жаһан жұртшылығы жақсы біледі және құрметтейді. Әлемнің әр түкпірінде азаматтарымызды жылы қабақпен, ерекше ілтипатпен қарсы алады. Бүгінде 90 мыңнан астам жастарымыз шетелде кедергісіз білім алуда. Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз», – деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі. 15 наурызда әр азамат «қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын» қалдыра алады.
«Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді. Осы орайда, Мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағым келеді. Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын Өз қолыңмен құру деген сөз. Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді», – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады. Түптеп келгенде, бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр.
«Мен халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін. Енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белсенді жұмыс істейік. Ел мүддесіне адал қызмет ете беріңіздер! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!» – деді президент.
Президент қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салмауға шақырды