
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранның Парсы шығанағындағы көршілес мемлекеттерге шабуыл жасауды дереу тоқтатуды талап етті. Сәрсенбі, 11 наурызда, арнайы қарар қабылданып, БҰҰ-ның басты органына мүше 15 елдің 13-і дауыс берді.
Қарардың жобасын Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің мүшелері (Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Қатар және Бахрейн) мен Иордания ұсынды.
АҚШ пен Израиль туралы сөз жоқ
Құжатта Иранның бұл мемлекеттерге жасаған шабуылдары халықаралық құқықты бұзу деп бағаланып және «жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қатер» төндіретіні айтылған. Ал Иранға қарсы әскери қимылдарды бастаған АҚШ пен Израиль туралы ешқандай сөз қозғалмаған.
Сондай-ақ Тегеранның «Ормұз бұғазы арқылы өтетін халықаралық кеме қатынасын бөгеуге, кедергі келтіруге немесе өзге де жолдармен бұзуға» бағытталған «кез келген әрекеттері немесе қатерлері» айыпталады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше 15 мемлекеттің 13-і Ираннан Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырмауды талап етті. Қытай мен Ресей қарарды қолдамады, ал Иран БҰҰ-ның бұл шешімін «саяси сипаттағы шешім» деп сынады.
Иранның жауабы
28 ақпанда АҚШ, Израиль бірігіп, Ирандағы әскери нысандарға әуе шабуылын бастады. Осы қақтығыс басталғалы бері көрші араб елдеріне де қатер төнді. Иран Қатар, БАӘ, Кувейт тәрізді Парсы шығанағындағы елдердегі АҚШ-тың әскери базаларына әуе шабуылын жасады. Бірақ әуежай, қонақүй тәрізді нысандарға да оқ тиді.
Күні кеше Иран Дубай әуежайына соққы жасады. Тегеран келесі нысана банктер болуы мүмкін екенін ескертті.
Ал оның алдында Таяу Шығыс елдерінен мұнай экспорттаудың маңызды көлік дәліздерінің бірі саналатын бұл Ормуз бұғазын жауып тастап, мина қойды. Трамп егер Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалы тоқтаса, Иранға 20 есе күштірек шабуыл жасайтынын мәлімдеді.