Елдос Сметов өзін сынаған хейтерлерге жауап берді

Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов соңғы уақытта өзіне қатысты айтылған сын-пікірлер мен жеке өміріне жасалған шабуылдарға қатысты алғаш рет ашық пікір білдірді. Спортшы журналист Салтанат Пердешқызына сұхбат берді.
«Мамасының баласы» және «Лондонға көшті» деген қауесет
Елдостың айтуынша, тіпті Олимпиада алтынын алғаннан кейін де, оны сынаушылар толастамаған. Желідегілер оның әрбір қадамын аңдып, түрлі айыптар таққан.
«Жеңіп келсек те, хейт жазатындар көп. «Мамасының баласы» деді, «Лондонға көшіп кетті» деді. Тіпті «аларыңды алдың ғой, енді спорттан кетсейші» деп ақыл айтатындар да табылды. Бірақ мен олардың бәріне көңіл аудармаймын. Комментарий деген тегін тұрған сөз ғой. Біреуге жақсы сөз жаза алмасақ, не шара?», – деді чемпион.
Журналистерге реніш: «Жеке өміріме өтпеңіздер»
Сметов тек желідегі пікір қалдырушыларға емес, кейбір БАҚ өкілдеріне де өкпесін жеткізді. Ол сұрақтардың кәсіби деңгейде емес, жеке басына тиісу форматында қойылатынына наразы.
«Спорт төңірегіндегі сұрақтар болса, мен сол саланың маманы ретінде кез келген уақытта жауап бере аламын, жекелейге (жеке өмірге) өтпеген дұрыс. Менің отбасым, жеке кеңістігім ол менің шекарам. Сұхбат барысында спорттан тыс, жеке басыма тиісетін сұрақтарды қою орынсыз деп есептеймін», – деді Сметов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Елдос Сметов 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиадаға қатысатынын айтқан еді.