
Қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған Елена Рыбакина 1/8 финалда Ұлыбритания өкілі Сонай Карталмен кездесті. Матчтың алғашқы сетінде қазақстандық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте Рыбакина 4:3 есебімен алда тұрған сәтте Картал жарақатына байланысты ойынды жалғастырудан бас тартты.
Осылайша, Елена Рыбакина мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, Indian Wells Open турнирінің ширек финалына шықты. Ал британдық теннисші жарысты аяқтауға мәжбүр болды.
Айта кетейік, Рыбакина турнир барысында бұған дейін де бірнеше мықты қарсыласты жеңген. Атап айтқанда, ол америкалық Хейли Баптистті 7:6, 2:6, 6:2 есебімен, сондай-ақ украиналық Марта Костюкті 6:4, 6:4 нәтижесімен ұтқан еді.
Биыл Indian Wells Open турнирінің жалпы жүлде қоры 9 415 725 долларды құрайды. Жарыс жеңімпазы 1 511 380 доллар сыйақы алып, WTA рейтингінде 1000 ұпайға ие болады.
Еске сала кетейік, Елена Рыбакина биыл Australian Open турнирінің чемпионы атанды. Мельбурнда өткен финалда Беларусь теннисшісі Арина Соболенконі жеңген.