
Енді ауылдар өз бетінше қосымша табыс тауып, оны өз қажетіне қарай жарата алады. Бүгін мәслихат депутаттарының форумында сөз сөйлеген президент Тоқаев осындай мәлімдеме жасады.
«Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады», – деді ол.
Тоқаевтың сөзінше, былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Оның үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Ал жалпы ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш болашақта өсе түсуі де мүмкін.
«Менің тапсырмама сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін», – деп атап өтті президент.
Дотацияға сеніп отыра бермеу керек
Тоқаев әкімдіктерге де ескерту жасады. Республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермей, масылдық ұғымынан біржола арылу қажет деп атап өтті.
«Жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар депутаттары, ең алдымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз», – деді президент.
Аймақ мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп бюджетті жоспарлау қажет деген тапсырма берді.
Былтыр елдегі ауылдық округтерді дамытуға түрлі бағдарламаларға бюджеттен шамамен 1 трлн теңге бөлінеді деп хабарланған еді.