Ескі Қазақстанның бай-бағландары қайтарған қымбат пәтерлер тағы да өтпей қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Ескі Қазақстанның бай-бағландары мемлекетке қайтарған қымбат таунхаус пен пәтерлер тағы да сатылмады. 12 наурызға белгіленген аукционға қатысуға ешкім ниет танытпаған соң, сауда-саттық өтпеген.

Бүгін аукционға жалпы үш пәтер шығарылуға тиіс еді. Олардың екеуі «Париж кварталында», ал біреуі Green Village тұрғын үй кешенінде орналасқан.

Астанадағы «Париж кварталы» тұрғын үй кешенінде орналасқан қос бірдей сәні келіскен пәтердің сауда-саттығы сәтсіз аяқталуына бірде-бір қатысушының тіркелмеуі себеп болған.

Солардың бірі – екі деңгейлі пәтердің аукциондағы бастапқы бағасы – 308,7 млн теңге. Жалпы ауданы 309,5 шаршы метр болатын бес бөлмелі пәтер сән-салтанаты келіскен 6 қабатты үйдің 3-4 қабатында орналасқан.

Сатылымға шығарылған тағы бір лот – аталған кешендегі ауданы 93,6 шаршы метр болатын пәтер. Оның бастапқы құны 112,9 млн теңге деп белгіленген еді. Кейіннен 95,9 млн теңгеге дейін арзандады. Электронды аукцион шарты бойынша қатысушылар бағаны көтеруге де, түсіруге де мүмкіндік алған.

Green Village тұрғын үй кешеніндегі №2 пәтер де электронды саудаға шығарылып, тағы да өтпеді. Электронды сауда порталында жарияланған мәліметке қарағанда, бес бөлмелі пәтер Астананың Нұра ауданында Қарашаш Ана көшесінің бойында орналасқан.

Оның жалпы ауданы 231,8 шаршы метрді құрайды. Бастапқы бағасы 182 млн теңге деп белгіленген. Ақпан айында өткен аукционда да таунхаусты сатып алуға ниетті ешкім шықпаған.

Бұған қоса, KUVA экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza ғимаратын 61,5 млрд теңгеге сатқалы жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз