Инфляция: көрші елдерде баға өсімі қандай

2026 жылдың басы Орталық Азия мен Ресей экономикасы үшін түрлі сынақтармен басталды. Бір елдер баға ауыздықтаудың «жолын» тауып, инфляцияны рекордтық деңгейге дейін төмендетсе, енді бірі әлі де қымбатшылық қыспағында отыр. Өңірдегі ең үлкен бағасы өсімі қай елде? Kursiv.Media сараптап көрді.
Тәжікстан: тұрақтылықтың «аралы»
Бүгінгі таңда өңірдегі ең төменгі инфляция көрсеткіші Тәжікстанда. Биылғы қаңтарда бұл елде баға өсімі небәрі 3,6%-ды құрады. Тәжік сомониінің нығаюы мен ақша массасының қатаң бақылануы көрші елді қымбатшылықтан аман алып қалып отырғандай. Тәуелсіздік тарихындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірін тіркеген Душанбе бүгінде баға тұрақтылығы бойынша көш басында.
Ресей: 6 пайыздық деңгей
Ресей Орталық банкінің ұзақ уақыт бойы жүргізген қатаң ақша-несие саясаты өз жемісін бере бастады. Қаңтар айында инфляция 6% деңгейінде тұрақтанды. Бұл жоғары мөлшерлемелердің экономиканы «салқындатуының» тікелей әсері. Ресейлік реттеуші жыл соңына қарай көрсеткішті 4,5–5,5% дәлізіне түсіруді көздеп, белдікті бекем буып отыр.
Өзбекстан мен Қырғызстан: азық-түлік пен тарифтер қыспағы
Өзбекстанда баға өсімі қалыпты деңгейде 7,3%. Дегенмен қаңтармен салыстырғанда ақпанда баға аздап «мінез» көрсеткен. Мұндағы басты драйвер азық-түлік себеті.
Ал Қырғызстанда жағдай сәл күрделірек. Қаңтардағы 9,5% инфляция Ұлттық банкті шұғыл әрекет етуге мәжбүрледі. Пәтер ақысы, коммуналдық қызметтер мен көлік шығындарының өсуіне байланысты елдегі негізгі мөлшерлеме 12%-ға дейін көтерілді.
Қазақстан: ең қымбат ел
2026 жылғы ақпанда инфляция 11,7%-ға дейін төмендеген. Алайда бұл көрші елдермен салыстырғанда ең жоғары. Қазақстан үшін 2026 жылға арналған болжам мұнай бағасының жоғары болуына байланысты қайта қаралды. Бүгінде инфляция нысанасы 9,5-11,5% аралығында межеленіп отыр. Бұл көршілес елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.