Қоғам

Иранда қақтығыс басталғалы қанша адам қаза тапты

Иранда 10 мыңнан аса адам жарақат алды/фото: shutterstock

Иранда қақтығыс басталғалы мың жарым адам қаза тапты. Мұны Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар мәлімдеді.

Айтуынша, қазірге дейін 10 мыңнан аса адам жарақат алған.

«Кейінгі ақпаратқа сәйкес, Иранда 1 500-ге жуық адам қайтыс болды. Кеше екі банкке шабуыл жасалғанын білесіздер. Салдарынан банктің 10 қызметкері қаза тапты», – деді Әли Акбар Джоукар.

Таяу Шығыстағы жағдай

2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ әскери базаларына және басқа да нысандарға қарсы шабуыл басталды.

1 наурызда Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи АҚШ-Израиль шабуылынан қайтыс болды

5 наурызда Иранның әскери дрондары Әзербайжан жеріне құлады. Дрондардың бірі әуежай терминалына, екіншісі Шекерабад ауылындағы мектеп ғимаратының жанына түскен. Салдарынан екі адам зардап шекті.

Содан кейін Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Иран елшісін шақырып, оған наразылық нотасын тапсырды. Ал Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Карем Ғарибабади AnewZ редакциясына Тегеранның «көрші елдерге соққы жасамайтынын» мәлімдеген

6 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израиль Иран жеріне «кіріп, бәрін толық тазартуды» көздеп отырғанын айтты.

7 наурызда Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір-Саид Иравани Иранда АҚШ пен Израиль соққылары салдарынан кем дегенде 1 332 адам қаза тапқанын мәлімдеді

11 наурызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Иранның Парсы шығанағындағы көршілес мемлекеттерге шабуыл жасауын дереу тоқтатуды талап етті. Сол күні арнайы қарар қабылданып, БҰҰ-ның басты органына мүше 15 елдің 13-і дауыс берді.