
Алматыда қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарын пайдалану тәртібі түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, пропан-бутан газы бар баллондарды тек заңнама мен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған жағдайда ғана қолдануға болады. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов мәлімдеді.
Оның сөзінше, тұрмыстық газ жоғары қауіп көзі саналады. Сондықтан оны сақтау мен пайдалану арнайы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі
Газ баллондарын пайдалануға қойылатын шектеулер
«Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның 28-бабы 7-тармағына сәйкес, екі қабаттан жоғары көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сақтауға және пайдалануға тыйым салынады.
Сонымен қатар Ішкі істер министрінің 2017 жылғы №673 бұйрығымен бекітілген қауіпсіздік талаптарына сәйкес, жеке баллондық қондырғыларды мына жерлерге орналастыруға болмайды:
- тұрғын бөлме мен дәлізге
- жертөле, цоколь қабаты және шатырға
- қоғамдық тамақтану орындарының асханасы немесе сауда залының үстіндегі немесе астындағы бөлмелерге
- апат кезінде шығатын жолдың жанына
- ғимараттың басты қасбеті жағына
Қай жағдайда ТЖМ-мен келісу қажет
Құрылыс нормаларына сәйкес, баллондық қондырғылар өрт қауіпсіздігі талаптары ескерілген арнайы жоба бойынша орналастырылуы тиіс. Кейбір жағдайларда Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт бақылау органдарымен келісу талап етіледі. Бұл талап:
- екі немесе одан көп баллон орнатылғанда
- газ жүйесі қайта жаңартылғанда
- нысан өрт қауіптілігі жоғары санатқа жатса
- қауіпті өндірістік нысан тіркелсе
- нысан пайдалануға берілген кезде орындалуы керек.
Газ баллондарын қай жерде орналастыруға болады
Қоғамдық тамақтану орындарының ішінде газ баллондарын талапқа сай орналастырмай пайдалануға рұқсат жоқ. Көбіне баллондар ғимараттың сыртында, металл шкафтың ішінде немесе арнайы жабдықталған алаңда орналасуы тиіс.
Асханада тек көлемі 50 литрге дейінгі бір ғана баллон пайдалануға рұқсат беріледі. Бұл жобалық құжаттарда көрсетіліп, барлық қауіпсіздік талаптары сақталуы қажет.
Сонымен қатар:
- ғимарат екі қабаттан аспауы керек
- баллондарды жертөле мен цоколь қабатына қоюға болмайды
- асхана немесе тамақтану залының үстіне немесе астына орналастыруға тыйым салынады
- бөлмеде табиғи жарық болуы тиіс
Газ анализаторы мен автоматика міндетті
Қоғамдық тамақтану орындарында газ анализаторлары мен газды автоматты түрде өшіру жүйелері міндетті түрде орнатылуы тиіс.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйелер жобада алдын ала қарастырылуы қажет. Тұрғын үйлерде мұндай датчиктерді орнату ерікті болса, кафе мен мейрамханалар үшін аталған талап міндетті.
Желдету жүйесіне қойылатын талап
Пропан-бутан газы қолданылатын қоғамдық тамақтану орындарында желдету жүйесі жарылыс және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы керек.
Негізгі талаптар:
- табиғи желдету арнасы болуы
- тұрақты ауа келуін қамтамасыз ету
- асхана жабдықтарының үстінде механикалық сорғыш желдету орнату
Кәсіпорында қандай құжаттар болуы тиіс
Мамандардың айтуынша, апаттардың негізгі себептерінің бірі — газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау және техникалық қызмет көрсетудің болмауы.
Заңға сәйкес, газ жабдықтарының иелері жабдықтың жарамдылығын қамтамасыз етуге, мамандандырылған ұйыммен қызмет көрсету туралы шарт жасасуға, қауіпсіздікке жауапты адам тағайындауға және жауапты қызметкердің арнайы оқудан өтуін қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен қатар кәсіпорында нұсқама журналдары, техникалық қызмет көрсету журналдары, есепке алу құжаттары жүргізілуі тиіс.