
Денсаулық сақтау министрлігі мас күйін медициналық куәландыру қағидаларын өзгертетін бұйрық жобасын жария талқылауға шығарды.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Талқылау 27 наурызға дейін жалғасады.
Өзгерістердің басты мақсаты – емшараның дәлдігі мен ашықтығын арттыру екендігі атап өтілген. Денсаулық сақтау министрлігі сөз тек алкоголь туралы ғана емес, сонымен қатар басқа да психобелсенді заттар туралы болып отырғанын айтады.
Негізгі өзгеріс – мас болу деңгейінің сапалық көрсеткіштерін енгізу. Бұл дәрігерлерге адамның жай-күйін неғұрлым нақты тіркеуге және медиктердің қорытындысы күмән тудыратын даулы жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жобада зертханалық зерттеулерді егжей-тегжейлі көрсету қарастырылған, бұл процесті объективті және азаматтар үшін түсінікті етуі тиіс.
Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауынша, бұл қорытындылардың объективтілігін арттырып, азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтады.