Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан пәтерлер 20%-ға қымбат

Ұлттық банк Алматы мен Астана қаласындағы жылжымайтын мүлік нарығына талдау жасап, шаршы метрдің құнын қалыптастыратын негізгі факторларды айқындады.
Реттеуші өзінің ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында «Krisha.kz» платформасының статистикасына сүйенген талдау деректерін ұсынды. 2019-2025 жылдары Астана және Алматының тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция жылына 13,9% және 16%-ды құраған.
Алматы: тау бөктеріндегі қымбат үй
Алматылықтар үшін баспананың беделі әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасуымен өлшенеді. Бұл локация шаршы метрдің құнын бірден 20,6%-ға қымбаттатады.
Сонымен қатар көлік инфрақұрылымы да маңызды рөл атқарады: егер үй метро станциясынан екі шақырым алыс болса, оның бағасы 6,2%-ға төмендейді.
Оңтүстік астанада төбесі биік пәтерлерге деген сұраныс жоғары. Мұнда төбенің әрбір қосымша метрі бағаға 31,2% үстеме қосады. Ал қабырға материалының маңыздылығы Астанамен салыстырғанда төмендеу: кірпіш үйлер панельді үйлерден 4,7%-ға, ал монолитті үйлерден 3,2%-ға ғана қымбат.
Алматыда құрылыс сатысындағы нысаннан пәтер алу орташа есеппен 11,6% үнемдеуге мүмкіндік береді. Ескі үйлердің бағасы да аспандап тұр: панельді үйлер жылына 0,17%-ға, монолитті үйлер 0,46%-ға арзандайды.
«Нысан сипаттамаларының ішінде төбе биіктігінің 1 метрге артуы бағаны 31,2%-ға арттырады. 2026-2028 жылдары аяқталуы жоспарланған пәтерлердің құны аяқталған тұрғын үйден орташа есеппен 11,6%-ға арзан. Кірпіш үйлер орта есеппен 4,7%-ға қымбат, монолитті үйлер – панельді үйлермен салыстырғанда 3,2%-ға қымбат. Соңғы қабатта орналасу бағаны 4,8%-ға, бірінші қабатта орналасу 2,5%-ға төмендетеді», делінген шолуда.
Астана: Есіл жағалауындағы жайлы пәтер
Елордада басты тартылыс күші – Есілдің сол жағалауы. Өзеннің осы бөлігінде орналасқан пәтерлер орташа есеппен 11,3%-ға қымбат тұрады.
Жағалауға жақындық (1 км радиуста) бағаны тағы 10,4%-ға өсірсе, саябақтардан алыс болу құнды 10,5%-ға түсіреді. Сондай-ақ ірі сауда ойын-сауық орталықтарына көршілес болу да бағаға оң әсер етеді.
Астана нарығындағы басты тренд – төбе биіктігі. Төбенің бір метрге биіктеуі баспана құнын рекордтық 59,2%-ға шарықтатады.
Сонымен қатар елордалықтар құрылыс материалына да жіті мән береді. Мұнда монолитті үйлер панельді баспанадан 11,8%-ға қымбат.
Ал 2026–2028 жылдары пайдалануға берілетін үйлерден пәтер сатып алу арқылы 15,7% қаражат үнемдеуге болады. Қабаттарға келер болсақ, бірінші қабат пәтер құнын 4,8%-ға, ал ең жоғарғы қабат 6,2%-ға арзандатады.
Уақыт өте келе үйлердің құнын жоғалту қарқыны да әртүрлі. Астанада панельді үйлер жылына небәрі 0,23%-ға, кірпіш үйлер 0,38%-ға арзандаса, монолитті нысандар жылына 1,43%-ға дейін құнын жоғалтады.
2026 жылдың екі айында Алматыда жаңа тұрғын үй – 4%, ал Астанада 2%-ға қымбаттап үлгерді.