Инвестор атан: Отбасы банкі «Наурыз» бағдарламасы үшін халықтан қарыз жинап жатыр

Қазақстанның ипотека нарығындағы ірі ойыншы – Отбасы банк алғаш рет қарапайым азаматтарға өз облигацияларын сатып алу арқылы инвестор атануға мүмкіндік беріп отыр. Сада-саттық 12 наурыз күні Қазақстан қор биржасында (KASE) басталды.
Инвестицияның шарттары қандай?
Банк ұсынып отырған құнды қағаздардың жылдық мөлшерлемесі шамамен 17,5% деңгейінде жоспарланған. Бұл қазіргі таңдағы банк депозиттерінің пайыздық мөлшерлемесінен едәуір жоғары.
Екіншіден, облигациялар 5 жылға есептелген. Бұл дегеніміз – сіз бес жыл бойы тұрақты табыс алып тұрасыз. Тағы бір тиімді тұсы – сыйақы (купон) жылына екі рет төленеді. Егер мөлшерлеме 17,5% болса, инвестор әр алты ай сайын салған ақшасының 8,75%-ын табыс ретінде алып отырады.
Салықтан босатылады
Бұл облигациялардың ең тартымды тұсы – табыстан салық төленбейтіндігі. Әдетте кез келген табыстан мемлекетке салық ұсталады, бірақ Отбасы банк «қаржы агенттігі» мәртебесіне ие болғандықтан және бұл қағаздар KASE-нің ресми тізіміне енгендіктен, жеке және заңды тұлғалар алынған пайданы толығымен өз қалтасында қалдырады. Бұл инвестицияның нақты табыстылығын арттыра түседі.
Инвестиция бастау үшін қомақты қаражаттың қажеті жоқ. Бір облигацияның құны – 1 000 теңге. Бұл кез келген қазақстандықтың инвестор атануына жол ашады.
Банк халықтан жиналған 200 млрд теңгені «Наурыз» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыруға жұмсайды.з.
Облигацияны қалай сатып алуға болады?
Процесс толығымен брокерлік компаниялар мен олардың мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асады. Инвестор болу үшін:
- Брокерлік шот ашу (егер жоқ болса);
- Шотты қажетті сомамен толықтыру;
- Облигация сатып алуға өтінім беру.
Елдегі ипотека нарығының 52%-ын иеленіп отырған Отбасы банк бұл қадамымен халыққа жинақ ақшаны сақтаудың жаңа бағытын ұсынды.
10 наурыздан «Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды.