Төлейтін ақшасы қымбат: қазақстандықтар автолизингпен көлік алуға қызықпады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың соңында Қазақстанда жеке тұлғалар үшін автокөлікті кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу (автолизинг) бағдарламасы ресми түрде іске қосылды. Алайда үш ай өтсе де, нарықта бірен-саран келісімшарт жасалған. Qazaq Expert Club сарапшысы Әйгерім Ілиясова бұл бағдарламаның неліктен сәтсіз болғанын түсіндіріп берді.

Сарапшының айтуынша, бағдарламаны ұйымдастырушылар мен халық лизингтің екі түрін шатастырып алған:

Операциялық лизинг (халықтың күткені): Бұл — көлікті 2 жылға дейін қысқа мерзімге жалдау. Көліктің жөндеуіне, техникалық күтіміне клиент бас қатырмайды, тек ай сайынғы ақысын төлеп, уақыты біткенде көлікті басқа жаңасына ауыстырып міне береді. Төлем сомасы көліктің толық құнын жаппайды.

Қаржылық лизинг (ұсынылған нұсқа): Бұл — 3 жылдан асатын ұзақ мерзімді жалдау және соңында көлікті міндетті түрде сатып алу. Мұнда клиент көліктің толық құнын, лизинг компаниясының үстемеақысын, сақтандыруды, салықты және жөндеу шығындарын өз қалтасынан төлейді.

Неліктен сұраныс аз?

Ілиясованың пікірінше, қазіргі ұсынылған автолизинг — іс жүзінде сол баяғы автонесие, тек меншік құқығы бірден берілмейді.

«Халық батыс елдеріндегідей жеңілдетілген операциялық лизингті күтті. Бірақ бізде қайталама нарық, аукциондар мен қайтарылған көліктерді күтіп ұстау инфрақұрылымы дамымаған. Сондықтан компаниялар қарапайым қаржылық лизингті ұсынды», — дейді маман.

Тағы бір мәселе — баға. Лизинг компаниялары ақшаны банктерден алатындықтан, олардың ұсынған пайызы автонесиеден арзан бола алмады. Лизингті арзандату үшін мемлекеттік бюджеттен субсидия немесе салық жеңілдігі керек, бірақ қазір бюджетте оған қаражат қарастырылмаған.

Автолизинг бағдарламасы 2025 жылдың 1 желтоқсанынан басталған. Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы неге басталмай жатып тоқтап қалғанын түсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз