Жаңалықтар

«Ұлттық қор — балаларға»: үш жылда 2,5 млрд доллар аударылған

Үш жылда балалардың есепшотына қанша қаржы аударылды / Фото: shutterstock.

2024 жылы басталған «Ұлттық қор – балаларға» жобасына үш жыл толды. Осы уақыт ішінде 7 миллионға жуық қазақстандық баланың шотына жалпы сомасы 2,5 млрд доллардан астам қаражат жиналды. Бұл қаражат Ұлттық қордың инвестициялық табысынан бөлініп отыр.

Биыл бұл жобаға 2008 жылдан бастап 2025 жылға дейін туған 6 918 656 бала қатысты. Тек осы жылдың өзінде Ұлттық қордан 900 млн доллардан астам қаражат бөлінді.

Соның нәтижесінде 2026 жылы әр баланың шотына 130,71 доллар көлемінде кезекті жарна түсті. Ал жоба басталғаннан бергі үш жылды (2024-2026 жж.) есептегенде, инвестициялық кірістерді қосқанда әр баланың шотындағы жалпы сома 370,56 долларға жетті.

Ақшаны 18 жасқа толған соң алуға болады

Бағдарлама ережесі бойынша, жиналған ақшаны бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана екі мақсатта пайдалана алады: баспана жағдайын жақсарту немесе білім алу.

Осы жылы 18 жасқа толған 356 613 жасөспірім үшін 132,1 млн доллар дайындалды. Статистикаға сүйенсек, қатысушылардың көбі ақшаны үй мәселесін шешуге жұмсаған:

  • Тұрғын үй үшін: 158 774 адам жалпы сомасы 26,3 млн долларды пайдаланды.
  • Оқу ақысы үшін: 94 068 адам 15,5 млн доллар жұмсады.

Ақшаны қалай тексеруге болады

Бағдарлама бойынша ақша аудару және оны бақылау процесі толықтай автоматтандырылған. Ата-аналар баласына қанша қаражат түскенін келесі жолдармен біле алады:

  • kids.enpf.kz сайтында баланың ЖСН-ін енгізу арқылы;
  • egov.kz порталындағы жеке кабинеттен;
  • Kaspi.kz, Halyk немесе Bcc.kz мобильді қосымшаларындағы арнайы бөлімдер арқылы.

Егер бала туралы деректер табылмаса, ХҚКО-ға (ЦОН) барып, құжаттарды түгендеу қажет. Ал азаматтық мәселесі бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек.

Қаражатты қалай алады

Бала 18-ге толғанда ақша БЖЗҚ-дағы арнайы шотқа ауысады. Оны алу үшін уәкілетті банктерге (операторларға) өтініш беру қажет.

Қазіргі уақытта бұл қызметті «Отбасы банк», Halyk Bank және 2025 жылдан бастап қосылған «ЦентрКредит Банкі» атқарады.