
Алматыда 14-23 наурыз аралығында Наурыз мейрамына арналған ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар өтеді. Биыл мерекелік бағдарлама «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, қала бойынша 200-ден астам іс-шараны қамтиды.
Негізгі мерекелік алаңдар Астана алаңында, Абай алаңында, Жібек жолы даңғылының жүргіншілер бөлігінде және Панфилов көшесінде орналасады.
Аудандағы мерекелік алаңдар:
Алатау ауданы – ALMATY ARENA мұз сарайының аумағында
Алмалы ауданы – М. Ганди атындағы саябақта
Әуезов ауданы – Сайран көлінің батыс жағалауында
Бостандық ауданы – Тұңғыш Президент саябағында
Жетісу ауданы – Алматы ипподромында
Медеу ауданы – Пушкин көшесіндегі жүргіншілер аллеясында
Түрксіб ауданы – С. Сейфуллин атындағы саябақта
Наурызбай ауданы – аудан әкімдігі алдындағы алаңда
Мерекелік бағдарламаның негізгі күндері 21-23 наурыз аралығында өтеді. Он күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, театрландырылған қойылымдар, көрмелер, мәдениет қайраткерлерімен кездесулер, сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіледі.
Айта кету керек, қаланың басты алаңдары мен барлық сегіз ауданның мерекелік орындары Наурыз мерекесіне арнайы безендіріледі: киіз үйлер тігіліп, тақырыптық шағын сәулеттік нысандар орнатылады.
14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі)
12:00 – Наурыз мерекесінің салтанатты ашылуы және «Көктөбедегі көрісу» атты концерттік бағдарлама (Көктөбе). Сахнада қазақстандық эстраданың танымал өнерпаздары – Мәдина Сәдуақасова, Айгүл Қосанова, «Тұмар», «Made in KZ», «КешYou», «Алатау серілері» топтары, сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері өнер көрсетеді. Бұл күні Алматы тұрғындары мен қонақтарын аудиодрондардың қатысатын ерекше құттықтауға куә болады. (Көктөбеге баратын аспалы жол 10:00-ден 15:00-ге дейін тегін болады.)
15 наурыз – Қайырымдылық күні
«Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясы – ерекше қажеттілігі бар балалардың Алматы зоологиялық баққа баруы;
Мемлекеттік орталық музейде ХӘОТ санатындағы балаларға арналған қайырымдылық экскурсия;
11:00 – «Сенім» белсенді ұзақ өмір сүру орталығында (АлмаCity 5 ТҮК, Алтын Орда көшесі, 6/38Б) шығармашылық ұжымдардың қатысатын «Қайырымдылық күні» атты концерттік бағдарлама;
11:00 – «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығында (Қалқаман-2 шағынауданы, Сыпатай батыр көшесі, 55) «Жүрек жылуы» қайырымдылық концерті;
12:00 – Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуарындағы спектакльдің интернаттардағы, балалар үйлеріндегі, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына арналған қайырымдылық көрсетілімі (Оқушылар сарайы, Достық даңғылы, 124);
15:00 – Sats ComUnity балалар театр студиясының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 мектеп-интернатында қайырымдылық спектакль көрсетілімі;
15:00 – Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрында қазақтың халық ертегісі «Қошқар мен теке» спектаклінің қайырымдылық көрсетілімі;
Жамбыл атындағы Мемлекеттік академиялық филармония солистерінің №1 Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған көшпелі концерті.
Сонымен қатар қаланың барлық ауданында ардагерлерге көмек көрсету, мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін табыстау сынды атаулы қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
10:00 – қазақ халқының салт-дәстүріне арналған музыкалық-театрландырылған қойылым: «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Беташар» (Наурызбай ауданының Инновациялық шығармашылық орталығы).
16:00 – Қазақ мемлекеттік циркінде «Аударыспақ» және асық ату сынды ұлттық ойындар өткізіледі.
Сонымен қатар қаланың барлық ауданында қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына арналған кездесулер мен тақырыптық іс-шаралар өтеді. Қала тұрғындары үшін ұлттық қолөнер бойынша шебердің сабақтары, салт-дәстүрлері, сондай-ақ оқушылар дайындаған бұйымдардың көрме-жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Көрмелерде киіз үй элементтері, тоқыма бұйымдары, зергерлік әшекейлер және басқа да қолөнер туындылары таныстырылады.
17 наурыз – Шаңырақ күні
10:00 – «Отбасы құндылықтары» атты дөңгелек үстел (Нұркент шағынауданы, 5, «Бақытты отбасы» орталығы).
11:00 – «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» атты әдеби шолу және поэзия кеші (№1 балалар кітапханасы).
11:00 – «Отбасы құндылықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстел: ата-аналармен, ардагерлермен және құрметті ақсақалдармен кездесу (Төле би көшесі, 160, «Шыңға өрле, биікке самға» орталығы).
11:00 – «Шаңырақ» отбасын қолдау орталығының қатысуымен іс-шара (Отбасын қолдау орталығы, Розыбакиев көшесі, 250).
11:00 – Наурызбай ауданы «Бақытты отбасы» орталығы қатысушыларына арналған форум (Жүнісов көшесі, 10).
11:00 – «Бір шаңырақ астында» атты дөңгелек үстел (Сағи Әшімов көшесі, 206а, «Шыңға өрлеу» әлеуметтік орталығы).
12:00 – көпбалалы отбасыларға арналған Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуарындағы спектакльдің қайырымдылық көрсетілімі (Оқушылар сарайы).
18 наурыз – Ұлттық киім күні
10:00 – Мемлекеттік архивте «Ұлттық киімді дәріптеу» атты ұлттық киімдер көрсетілімі (Чуланов көшесі, 159).
11:00 – «Этно-Fashion» ұлттық киімдер көрсетілімі (Alatau Creative Hub).
11:00 – «Үздік ұлттық образ» байқауы (Family Park, Ұлықбек көшесі, 57А).
11:00 – Алматы теміржол көлігі техникалық-экономикалық колледжі студенттері арасында «Үздік ұлттық образ» байқауы (Әуезов ауданы, Жетісу-1 шағынауданы, 32в үй).
11:00 – «Армысың, әз-Наурыз – жаңа күн!» этно-фольклорлық кеші (Әуезов атындағы кітапхана).
11:00 – «Ұлттық сезім – киіммен» атты ұлттық киімдер көрсетілімі (Райымбек даңғылы, 174).
11:00 – «Наурыз – елге нұр, жерге береке» атты концерттік бағдарлама (Бегалин атындағы кітапхана).
Оқушылар сарайында Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры спектакльдеріндегі ұлттық нақыштағы костюмдер мен ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, Арбатта Жетісу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдарының көрмесі өтеді.
19 наурыз – Жаңару күні
Қаланың барлық ауданында ағаш егу акциясы өтеді.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні
10:00 – «Спорт – достық алаңы» спорттық іс-шарасы (Тұңғыш Президент саябағы).
10:00 – мектеп оқушылары мен ардагерлер кеңесінің қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар (Гүлдер саябағы).
10:00 – Наурыз мерекесіне арналған тоғызқұмалақтан ашық қалалық турнир (Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы).
10:00 – Наурыз мерекесіне арналған қазақ күресінен қалалық турнир («Астана» алаңы).
10:00 – «Спорт – достық алаңы» жобасы аясындағы бұқаралық спорттық іс-шара (Айнабұлақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені).
10:00 – «Наурыз – спорт мерекесі» спорттық іс-шарасы (Кемел дене шынықтыру-сауықтыру кешені).
11:00 – Алматы қаласындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында Наурыз мерекесіне арналған «Асық ату», «Тымақ ұру», «Ләңгі», «Гір тасын көтеру» жарыстары (Орталық мәдениет және демалыс саябағы).
11:00 – «Спорт – достық алаңы» спорт ойындары (Атлеттер ауылы).
Сондай-ақ, қала әкімдігінің мәліметінше, 21-23 наурыз аралығында өтетін іс-шаралардың жоспары қосымша ұсынылады.