Назарбаевтың гаражынан сатып алынған қымбат көліктің иесі соттасып жатыр

Қостанайда «президенттік гараждың» көлігі қатысқан даулы іс қаралып жатыр. Жүргізуші қолдан жол апатын жасады деп айыпталып отыр деп жазады жергілікті Новая газеті басылымы.
Қостанай облыстық сотында жол апатынан келген шығынды өндіруге қатысты апелляциялық шағым қаралды. Істің басты кейіпкері – бұрын бір бампер үшін бірнеше рет сақтандыру төлемін алып, «алаяқтық» күдігіне ілінген Артем Хамитов.
Істің мән-жайы
Көлігін «Н. Назарбаевтың гаражынан 120 мың долларға сатып алдым» деген Хамитов 2025 жылы тағы да жол апатына түскен. Тұрған көліктің бамперіне азаматша Семенова соғылған. Сақтандыру компаниясы 730 мың теңге төлегенімен, Хамитов тәуелсіз бағалау арқылы шығынды 3,3 млн теңгеге дейін жеткізіп, сот арқылы қосымша 1,6 млн теңге өндіріп алған.
Қорғау тарапының уәжі
Семенованың мүддесін қорғаушы Олег Матвеев бұл істе шикілік барын алға тартады. Заңгердің айтуынша, дәл осы бампер осымен 5-ші рет жөндеуге ұсынылып отыр. Бұған дейін 3 рет өтемақы төленген, ал 4-ші мәрте сот бұл әрекетті қолдан жасалған жол апаты деп танып, Хамитовтың үстінен прокуратураға жеке қаулы шығарған.
Көлік иесі көлікті көрсетуден бас тартқан және сотқа нақты жөндеу шығындарын растайтын құжаттарды ұсынбаған. Тәуелсіз сарапшы бағасы нарықтық құннан тым жоғары көрінген.
Сот шешімі
Хамитов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, көліктің қымбат екенін және Семенованың өзі келіп соғылғанын айтты. Алдыңғы 4 оқиға бойынша сот шығарған «алаяқтық белгілері бар» деген қаулыға қатысты ешқандай түсініктеме бермеді.
12 наурызда өткен отырыста облыстық сот алғашқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырып, Хамитовтың пайдасына шығарылған үкімді заңды деп тапты. Енді Семенова сақтандырудан тыс қалған 1 млн теңгеге жуық соманы өз қалтасынан төлеуі мүмкін.