«Олар көздемей ата береді»: Иранның Қазақстандағы елшісі еліндегі жағдайды баян етті

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар Ирандағы қыздар мектебіне жасалған шабуылды әлемнің кез келген елінде қайталануы мүмкін өте сұмдық жағдай деп атады.

«Соңғы жаңалықтарды көрген болсаңыздар, Трамптың айтқан сөздерін АҚШ-тың Қарулы күштері, Қорғаныс министрлігінің өзі терістеп отыр. Берни Сандерс деген кісі (Американың тәуелсіз саясаткері) өзінің твиттерінде бұл әрекетті АҚШ тарапы жасады деп мойындап отыр. Сол жерде Сандерс осы жағдай АҚШ-тың әрекеті екенін сол елдің Қарулы күштері мойындап отырғанын жазды. Қанша уақыттан бері Трамп өз көрермені мен оқырманына еш құрмет көрсетпей, ойына келген өтірігін айта береді. Халықаралық қауымдастықтардың өзі мұны масқара деп қарайды», – дейді Әли Акбар Джоукар.

Джоукар бұл әрекетке бүкіл әлем айыптап қарағанын, тіпті АҚШ-тың өзінде осы оқиға үлкен қарсылыққа ұшырағанын айтты.

«Бұл өте сұмдық жағдай. Ол кез келген елдің басынан өтуі мүмкін», – дейді ол.

Елшінің сөзінше, АҚШ пен Израиль соғыс ашқалы Иранда әскери әрекеттер басталғалы соңғы деректерге қарағанда Иранда 1500-ге жуық адам қаза тапқан.

«Кеше екі банкке соққы жасалды. Ол жерде де оннан аса адам қаза тапты. Бәрі де банк қызметкерлері. Күні кешеге дейін он мыңға жуық адам жараланғаны айтылды. Толыққанды әрі ішінарада 16 аурухана мен медицина орталықтары қираған. 12 жедел жәрдем көлігі быт-шыт болды. Сонымен қатар онға тарта ірі спорттық нысан қирады. 12 мың орынға арналған үлкен спорт зал да жарылды. Ол жерде кезінде Қазақстан спортшылары да өнер көрсеткен. Қираған тарихи ескерткіштер де бар. Олар көздемей ата береді», – дейді ол.

Елші сонымен бірге Қазақстанның екі министрі Аида Балаева мен Ербол Мырзабосыновқа өтініш жолдап, халықаралық алаңдарда сөйлегенде азаматтық, мәдени және спорттық нысандарға шабуыл жасалмауы керек деп үндеу жолдауды өтінгенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Ирандағы қыздар мектебіне жасалған шабуылды Иранның өзі ұйымдастырған деп АҚШ президенті Дональд Трамп мәлім еткен еді.

Еске салсақ, 28 ақпанда қыздарға арналған мектеп толығымен жойылды деп жазылды. Көптеген бала үйінді астында қалған еді. Алдымен 40 адам қайтыс болды деп хабарланды, уақыт өте статистика тез өсті.

3 наурызда Иранның оңтүстігінде орналасқан Минаб қаласының мыңдаған тұрғыны 182 оқушы мен ұстаздың жаназасын шығарды. Олардың бәрі бір зиратқа жерленді.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қыздар медресесіндегі қайғылы оқиға үшін АҚШ пен Израильді айыптады. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Құрама Штаттар «мектепті әдейі атқыламайды» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз