
Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы өңірдегі мұнай өндіретін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясынан 2 млрд теңге өндірілгенін хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, БҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының қызметіне талдау жүргізген. Аталған компания қоршаған ортаны ластаушы заттарды шығарған. Нормадан тыс шығарылған заттардың мөлшері 13,8 тоннаны құраған.
«Жүргізілген талдаудың нәтижесінде уәкілетті органға ұсыну енгізілді. Экология департаменті ҚПО б.в. компаниясына әкімшілік кодекстің 328-бабымен хаттама толтырып, 2 млрд теңге айыппұл салды. Айыппұл өндірілді», – делінген хабарламада.
1979 жылы ашылған Қарашығанақ кен орны – әлемдегі ірі газконденсат кен орындарының бірі. Кен орны Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан және 280 шаршы шақырым аумақты алып жатыр.
Қарашығанақта «Эни СпА» (29.25%), «Шелл плс» (29.25%), «Шеврон» (18%), «ЛУКОЙЛ» (13.5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) бес мұнайгаз өндіруші компания жұмыс істейді.
Айта кетейік, бұған дейін «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясына 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынғаны хабарланған.