Қазақстандағы 124 вокзал толық жаңартылады

Биыл Қазақстандағы 124 вокзал толығымен жаңартылады. Ақордада өткен жиында Тоқаев осылай деп мәлімдеді.
«Жалпы, біз былтыр Қазақстандағы 124 вокзалды түгел жаңғырта бастадық. Бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталады. Мұндай ауқымды бастама алғаш рет қолға алынды», – деді ол.
Тоқаев сөзінше, елдегі вокзалдар орта есеппен 60 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тіпті он вокзал осыдан бір ғасыр бұрын салыған екен.
Ел бойынша былтыр 1500 шақырым темір жол салынып, жөндеуден өткен. Бұл рекордты көрсеткіш. Осы жылы 3700 шақырымнан астам жаңа теміржол желілері төселіп, пайдалануға берілуі керек.
Астананы батыспен байланыстыратын жол керек
Президент Астананы елдің батыс аймағымен байланыстыратын жаңа автокөлік жолын салуды тапсырғанын айтты. Ол бағытта қазір жұмыс жүріп жатыр.
«Әрине, кең жолақты жолдар еліміз үшін аса қажет. Дегенмен жергілікті жолдар да назардан тыс қалмайды. Себебі миллиондаған азаматымыз, соның ішінде ауылдағы ағайын үшін автокөлік жолы, шын мәнінде, «өмір жолы» саналады. Биыл тағы 2300 шақырымға созылатын жергілікті жолдар жаңғыртылады. Алдағы үш жылдың ішінде осындай 32 мың шақырым жол нормативтік талапқа сай жөнделеді. Бұл – Қазақстанның құрлық шекарасынан үш есе көп қашықтық», – деп атап өтті Тоқаев.
Былтыр ел бойынша жалпы ұзындығы 13 мың тас жол жөндеуден өткен, оның ішінде жергілікті маңызы бар жол көлемі – 3 мың шақырым.
Айта кетейік, осы жылдан бастап вокзалдарда мүгедек жолаушыға арналған сүйемелдеу қызметі іске қосылды. Ол автокөліктен – вагонға, вагоннан автокөлікке дейін, сондай-ақ вокзал аумағында толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.