
«ҚазАвтоЖол» Азия Даму Банкінен (АДБ) кредит алу туралы келісімге қол қойды. Оған Қаржы министрлігі кепілдік береді. Бұл туралы қаржы институтының құжаттарына сілтеме жасаған Inbusiness жазады.
Құжаттағы дерекке сүйенсек, АДБ ұлттық компанияға 58 592 млн иен немесе 370 млн доллар көлемінде кредит береді. Борышкер оны өз қалауына қарай басқа валютаға ауыстыра алады. Бұл қаражаттың 85%-ы Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан Өзбекстанға шығатын айналма жолдың құрылысына жұмсалмақ.
Несиені 2045 жылға дейін төлеу керек, 2030 жылдан бастап пайызы мен басқа да жарналары жылына екі рет төленеді.
Пайыздық мөлшерлеме өзгермелі болады, оған лимиттер қойылуы мүмкін немесе қарыз алушы қаласа, ол бекітілген мөлшерлемеге ауыстырылады. Жалпы пайыз мөлшері алынған негізгі қарыз сомасына байланысты.
Сонымен қатар, шартта несиені мерзімінен бұрын жапқаны үшін 0,20% көлемінде айыппұл, ал несие бергені үшін жыл сайын 0,15% комиссия қарастырылған.
Несие шартымен бір уақытта, 2 наурызда осы жоба бойынша Азия Даму Банкінің (АДБ) кепілдігін беру туралы келісімге қол қойылды. Онда 58,6 млрд иен көлеміндегі міндеттемені Қаржы министрлігі өз мойнына алды.
Сарыағаш ауданындағы айналма жол салатыны жайлы былтыр Көлік министрлігі хабарлаған. Ұзындығы 102 шақырымға созылады.
«ҚазАвтоЖолдың» Азия Даму Банкінен бірінші рет алатын несиесі емес. Екі жыл бұрын Қызылорда – Жезқазған жолын жөндеу үшін 291 млн доллар қарыз алады.