Құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі.
Тоқаев жиын барысында әлемдік жағдайларға тоқтады.
«Латын Америкасындағы, Таяу Шығыстағы оқиғалар геосаясатқа өзгерістер әкелгеніне қарамастан, еліміз жақын және алыс орналасқан мүдделес мемлекеттердің барлығымен жан-жақты ынтымақтастықты ұдайы дамыта береді. Қазір сыртқы саясат пен дипломатияның рөлі арта түсті. Бұл Қазақстан үшін де маңызды», – дейді ол.
Президенттің сөзінше, жаһандық геосаяси ахуал күрделеніп тұрған кезеңде Қазақстан үшін тұрақтылық пен жауапкершілік аса маңызды. Халықаралық жағдай ел ішіндегі экономика мен саяси үдерістерге ықпал етеді. Сондықтан әрбір бастама нақты есепке және терең талдауға негізделуі қажет.
«Алға қадам басқанның аяғынан шалу – кері кету, тіпті, тіршілік заңына қарсылық саналады. Алайда асығыс, сарапқа салмай қабылданған өзгерістер мен шешімдердің салдары тым ауыр. Сондықтан мен құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын. Барлық бастама ақылға қонымды болғаны жөн. Егер өзеннің арғы жағасына өткің келсе, тереңге бойлай алатыныңа сенімді болуың керек», – деді Президент.
Тоқаев тұрақтылықты сақтау оңай емес екенін еске салды. Сөзінше, тыныштықты бұзу санаулы сағаттың ісі, ал оны қалпына келтіруге ондаған жыл қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ ішкі саясаттың осынау нәзік саласында биліктің де, қоғамның да қателесуге құқы жоқ екенін ескертті. Осыған байланысты Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын саяси жүйенің негізі ретінде атады.