Қырғыздар Түркістанда өтетін көкпардан әлем чемпионатына қатыспайтын болды

Қырғызстан құрамасы Түркістан қаласында 15–21 наурыз аралығында өтетін көкпардан әлем чемпионатына қатыспайды.
24.kg ақпаратына қарағанда, бұл туралы Көк-бөрі федерациясының баспасөз хатшысы Самат Жұмакадыров мәлімдеді.
Бас тартудың негізгі себебі – ұйымдастырушылар тарапынан шақырудың тым кеш жіберілуі. Жұмакадыровтың айтуынша, мұндай деңгейдегі турнирлерге шақыру кем дегенде үш ай бұрын, тіпті жарты жыл бұрын жіберілуге тиіс.
«Бұл бойкот емес. Бұл жай ғана мүмкін емес. Аттарды іріктеу, 12 ойыншыны таңдау, жаттықтырушыларды бекіту және толыққанды дайындық өткізу үшін уақыт қажет», – деді ол.
Сонымен қатар дәл осы күндері Қырғызстанда ауқымды республикалық «Нооруз-2026» турнирі өтеді. Оның аясында күзде Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын ұлттық құрамаға іріктеу басталады.
Федерация өкілдері мұндай жауапты кезеңде ешбір команда көрші елге бару үшін өздерінің үздік ойыншылары мен тұлпарларын жібере алмайтынын атап өтті.
Көкпардан екінші әлем чемпионаты 15–21 наурыз аралығында Түркістан қаласында өтеді. Турнирге 10 елдің спортшылары қатысады. Жарысқа тек ұлттық құрамалар келеді, жалпы жүлде қоры – 30 млн теңге.
Айта кететін жайт, көкпардан Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі белгілі болды.