Қызметте қайтыс болғандардың отбасына қандай көмек беріледі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Елімізде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасына төлем жасалады/фото: shutterstock

Жетісу облысында балықшыны құтқарамын деген өрт сөндіру қызметінің офицері қаза болды. Оқиға 7 наурызда болған. Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Қайғылы жағдайдан кейін KursivMedia қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болғандардың отбасына қандай көмек қарастырылғанын білді.

Заңда не жазылған?

Елімізде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан арнайы қызмет мамандарының отбасына төлем жасалады. Ол «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда айқындалған. 

Заңға сәйкес, қызметкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда марқұмның отбасы мүшелеріне Үкімет айқындайтын мөлшерде ай сайын төлем жасалады.

Ай сайынғы ақшалай төлем балаларға, асырап алған балаларға, бірге тұратын өгей балаларға кәмелет жасына толғанға дейін және колледж не университетті аяқтағанша төленеді. Ескеретін жайт, бала 23 жастан аспаған болуы керек.

Әйеліне өмір бойы жалақысының 40%-ы беріледі

Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы төленуіне қарамастан қызметте қайтыс болған адамның жұбайына өмір бойы ақша төленеді. Бұл төлем әйел қайта некеге тұрған жағдайда тоқтатылады. Ал төлем оны алуға құқығы бар адам өтініш берген күннен бастап беріледі.

Үкіметтің 2022 жылдың 21 желтоқсандағы №1048 қаулысына сәйкес, қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақысының 40%-ы мөлшерінде төленеді.

Сондай-ақ оқыңыз