
Жетісу облысында балықшыны құтқарамын деген өрт сөндіру қызметінің офицері қаза болды. Оқиға 7 наурызда болған. Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Қайғылы жағдайдан кейін KursivMedia қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болғандардың отбасына қандай көмек қарастырылғанын білді.
Заңда не жазылған?
Елімізде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан арнайы қызмет мамандарының отбасына төлем жасалады. Ол «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда айқындалған.
Заңға сәйкес, қызметкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда марқұмның отбасы мүшелеріне Үкімет айқындайтын мөлшерде ай сайын төлем жасалады.
Ай сайынғы ақшалай төлем балаларға, асырап алған балаларға, бірге тұратын өгей балаларға кәмелет жасына толғанға дейін және колледж не университетті аяқтағанша төленеді. Ескеретін жайт, бала 23 жастан аспаған болуы керек.
Әйеліне өмір бойы жалақысының 40%-ы беріледі
Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы төленуіне қарамастан қызметте қайтыс болған адамның жұбайына өмір бойы ақша төленеді. Бұл төлем әйел қайта некеге тұрған жағдайда тоқтатылады. Ал төлем оны алуға құқығы бар адам өтініш берген күннен бастап беріледі.
Үкіметтің 2022 жылдың 21 желтоқсандағы №1048 қаулысына сәйкес, қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақысының 40%-ы мөлшерінде төленеді.
Бір реттік төлем
«Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес, қызметкер қызметтiк мiндеттерiн атқарып жүрген кезеңде қаза тапса, заңды құқығы бар адамға бір реттік өтемақы беріледі. Біржолғы өтемақыны төлеу тәртiбiн Үкiмет белгілейді.
Ал қайтыс болған адамның асырауындағыларға немесе мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 АЕК (254 100 теңге) мөлшерiнде бір реттік өтемақы төленедi.
Ал «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда әскери қызметшінің туыстарына соңғы атқарған әскери лауазымы бойынша 5 жылдық ақшалай қаражат; мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшінің, курсант пен кадеттің туыстарына 500 АЕК (2 117 500 теңге) өтемақы берілетіні көрсетілген.
Әскери қызметшінің қаза табуына байланысты бір реттік өтемақы оқиға болған күннен бастап 3 жыл өткенге дейін төленеді.