Lifestyle

Шоу бизнесте көбісі төсек арқылы көтеріледі – Құралай Анарбек

фото: скрин

Танымал актриса және продюсер Құралай Анарбек Дина Төлепбергенге берген сұхбатында кино әлеміндегі жасырын «ойын ережелері» мен өз басынан өткен келеңсіз жағдайды айтты.

Продюсердің айтуынша, шоу-бизнесте көбісі «төсек арқылы» көтеріледі деген сөз ащы да болса шындық.

Құралай «Қорлан» фильмінен кейін өзін барлық режиссер кәсіби маман ретінде құрметтейді деп сенген. Алайда кезекті бір жобаның кастингіне барғанда, режиссер тарапынан күтпеген ұсыныс түскен.

«Режиссер кешке жақын бір жерге барып шарап ішейік, көңіл көтерейік деді. Мен оның отбасы, әйелі бар екенін білемін. Батыстың қызы болғандықтан ба, бірден дөрекі жауап бердім. Сол сәтте іштей: «Актрисаның құны осынша ғана ма» деген ауыр ой қалды», – дейді ол.

Бұл жағдай Құралайды актриса ретінде ғана емес, сол жүйені басқаратын тұлға болуға итермелеген. Режиссердің бастығы продюсер екенін түсінген ол өз дәрежесін көтеру үшін Мәскеуге барып білім алады.

Қызығы, Құралай Анарбек өзіне ұсыныс жасаған режиссерге бүгінде реніші жоқ екенін жеткізді. Керісінше, сол оқиға оның мінезін шыңдап, үлкен мансапқа жол ашуға «түрткі» болған.

«Дәрежемді көтеру үшін оқыдым, продюсер ретінде жұмыс бастадым. Сондықтан ол кісіге қазір рахметімді айтамын», — деп түйіндеді продюсер.

YouTube video player