Таразда оқушыны құрдастары кастетпен ұрып-соққан – видео

Таразда №51 мектептің 9-сынып оқушысын бір топ қыз көшеде ұрып кеткен. Анасының сөзінше, қыздар кастет қолданған. Оқиға 6 наурызда болған. Артынша қыз балалар ауруханасыың нейрохирургия бөліміне түскен.
Желіде қыздың анасының видеосы тарады. Әйел «қызымды №25 мектептің 7-8 қызы жабылып, ұрып кетті. Кастетпен ұрып, қызымды ауыр хәлде қалдырған. Қызым ауруханадан бір-ақ шықты. Енді ана-аналары «өлтіріп кетеміз» деп қорқытып жатыр. Неше түрлі сөзін айтып жатыр. Қызымды, өзімді қорғауды талап етемін» дейді.
Даудың басы
Тараз қаласы білім бөлімінің мәліметінше, оқиға 5 наурызда басталған. Ол кезде №51 мектептің оқушысы №25 мектептің қызын ұрған. Полицияға жеткізілгеннен кейін тараптар татуласқан. Алайда 6 наурызда №25 мектептің қыздары жиналып, есе қайтаруға барған.
«Дәрігерлер жәбірленуші қызға ауыр соққы жасалмағанын, денсаулығында ешқандай потология болмағанын мәлімдеді. Қыз жансақтау бөліміне түспеген. Денсаулығы қалыпты болғандықтан, 11 наурыз ауруханадан шығарылды», – делінген ақпаратта.
Қылмыстық іс қозғалды
Жамбыл облысы полициясының хабарлауынша, осы жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысқандар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
«Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жасөспірімдердің әрекеттері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Жасөспірімдер профилактикалық есепке алынды», – деп хабарлады полиция.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себебін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетейік, 2025 жылы Таразда екі оқушы арасында жанжал шығып, бірі қайтыс болды.