
Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға 10 мыңнан астам жолаушы жеткізілді. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.
Шет елдерде эскалация басталғалы бері, Қазақстанға 61 рейс орындалып, 10 033 жолаушы тасымалданды.
Рейстер Air Astana, SCAT, FlyDubai және Air Arabia әуе компаниялары арқылы Дубай, Шарджа, Жидда, Медина және Маскат қалаларынан Алматы, Астана, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларына орындалып жатыр.
Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ отандық және шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп, Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын елге жеткізу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев бірнеше елге бармауға кеңес берді. Ішінде Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, БАӘ, Оман және Сирия бар.