Президент қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салмауға шақырды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев Конституция жобасындағы қазақ және орыс тілінің мәртебесіне қатысты пікір білдірді/фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция жобасындағы қазақ және орыс тілінің мәртебесіне қатысты пікір білдірді.

Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында «Жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгіме» туралы айтқан.

«…Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық. Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ», – дейді Тоқаев.

Жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған.

«Ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады. Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз», – деген президент.

Айта кетейік, бұған дейін Ата заң жобасында тіл туралы 9-бап нақтыланып, «тең» сөзі «қатар» деп ауыстырылды. Осылайша, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» деп жазылды.

Сондай-ақ оқыңыз