Үш облыста жолдар жабылып, жүздеген жолаушы діттеген жеріне пойызбен жеткізілді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: rail-news.kz

Қолайсыз ауа райына байланысты Ақтөбе, Ақмола және Павлодар облыстарында бірнеше тас жол уақытша жабылып, жолаушылар жолда қалып қойған. Осындай жағдайда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржол арқылы қосымша тасымал ұйымдастырып, адамдардың діттеген жеріне жетуіне көмектескенін хабарлады.

Компания мәліметінше, 10-12 наурыз аралығында 7 пойызға жолаушылар отырып, барлығы 390 адам жеткізілген.

10 наурыз күні Астана – Павлодар учаскесінде жолаушылар №353 «Семей – Нұрлы жол» пойызына отырғызылған. Павлодар, Екібастұз, Шідерті және Ерейментау станцияларынан 44 жолаушы Нұрлы жол станциясына жеткізілген. Ал 11–12 наурыз күндері Ақтөбе – Атырау бағыты бойынша жолаушылар бірнеше пойызбен тасымалданған.

Атап айтқанда:

№692 «Ақтөбе – Атырау» пойызы – Ақтөбеден Қандыағаш, Алға және Бестамақ станцияларына дейін 73 жолаушы;

№109 «Маңғыстау – Ақтөбе» пойызы – Алға мен Бестамақтан Ақтөбеге дейін 13 жолаушы;

№110 «Ақтөбе – Маңғыстау» пойызы – Ақтөбеден Алға және Бестамаққа дейін 117 жолаушы;

№34 «Ақтөбе – Алматы» пойызы – Ақтөбеден Алға және Қандыағашқа дейін 44 жолаушы;

№691 «Атырау – Ақтөбе» пойызы – Қарауылкелді, Шұбарқұдық, Алға және Бестамақтан Ақтөбеге дейін 35 жолаушы жеткізді.

Сондай-ақ Павлодар – Астана учаскесінде №139 «Павлодар – Пресногорьковская» пойызы арқылы Шідерті, Ерейментау және Еркеншілік станцияларынан 64 жолаушы Астанаға жеткізілді.

«Қолайсыз ауа райы кезінде жолдардың жабылуы жолаушылардың қозғалысын айтарлықтай қиындатады. Осындай жағдайда теміржол көлігі ең қауіпсіз әрі тұрақты қатынас түрі болып қала береді. Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардың діттеген жеріне жетуі үшін қосымша тасымал ұйымдастыру шараларын жедел қабылдайды. Теміржол қызметтері барлық бағытта жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Басты мақсат – жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету», – деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Компания мәліметінше, 2026 жыл басталғалы қолайсыз ауа райына байланысты пойыздармен шамамен 2 мыңға жуық жолаушы жеткізілген.

Сондай-ақ оқыңыз