Ұмытпағанымыз ләзім – Тоқаев Назарбаевтың еңбегін тағы атап өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі депутаттар бас қосқан жиында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін тағы ерекше атап өтті.
Президенттің сөзінше, 1995 жылғы Конституцияда мемлекеттік билікті нығайтуға басымдық берілген. Сол заманның биігінен қарағанда, бұл орынды деп есептейді. Өйткені Тәуелсіздіктің елең-алаңында заң шығару қызметін қамтамасыз ету қажет болған.
«Қолданыстағы Конституцияны сынға алудың қажеті жоқ. Өйткені бұл құжат мемлекетіміздің іргесін бекемдеуге оң ықпал етті. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше тарихи еңбегін ұмытпағанымыз ләзім. Қазіргі қоғам өмірінде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидаттың өзектілігі артты. Сондықтан жаңа Конституцияның бойынан осы ұстаным анық аңғарылады», – деді ол.
Тоқаевтың сөзінше, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға 30 баптан тұратын ең үлкен бөлімнің арналуы тегін емес. Бұл – Ата заңның шамамен үштен бірі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Президент туралы бөлім небәрі 10 баптан тұрады.
«Азаматтарымыздың құқығына қатысты көптеген нормаға жаңа мазмұн беріліп, мән-маңызы арта түсті. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын, отбасылық және адами құндылықтарды көздің қарашығындай сақтайтынымызды Ата заң деңгейінде айқындадық. Бұл – халқымыздың ажырамас құқығы. Ешбір саясаткердің, иә болмаса қоғам белсендісінің, шетелдік немесе отандық үкіметтік емес ұйымның ешқашан бұған күмән келтіруіне, сынап-мінеуіне қақысы жоқ. Оған жол бермейміз», – дейді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін бірнеше рет осылай атап өткен болатын.