«Крокус Сити Холл» терактісінің 4 орындаушысы өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Мәскеудің Батыс аудандық әскери соты «Крокус Сити Холл» концерт залына жасалған террористік актіге байланысты істің үкімін шығарды. Қалалық сот террористік актіге қатысы бар 19 адамды кінәлі деп таныды. Түрлі мерзімге сотталғандар арасында тікелей орындаушылар да, террористерге көмек көрсеткен сыбайластар да бар.
Кім қанша мерзім алды
Террористік актіні тікелей орындағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл – Тәжікстан азаматтары Шамсидин Фаридуни, Далерджон Мирзоев, Мухаммадсобир Файзов және Саидокрами Рачабализода. Тергеу мәліметтері бойынша, олар радикалды террористік ұйымның мүшелері болған.
Сонымен қатар террористік әрекетке көмек көрсеткендер де өмір бойына түрмеге қамалды. Олар Шахромджон Гадоев, Зубайдулло Исмоилов, Хусейн Хамидов, Мухаммад Шарипзода, Якубджони Юсуфзода, Назримад Лутфуллои, Джумахон Курбонов, Хусен Медов, Джабраил Аушев, Умеджон және Мустаким Солиевтер.
Қырғызстан азаматы Алишер Қасымов террористерге пәтерін жалға бергені үшін 22,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Диловар Исламов, оның әкесі Исроил және ағасы Аминчон (террористердің қозғалысына пайдаланған «Рено» көлігінің бұрынғы иелері) – әрқайсысы 19 жыл 11 айға жаза арқалады. Сонымен қатар, оларға 800 мыңнан 2,7 млн рубльге дейін айыппұл салынды.
Іс бойынша сотталғандардың көбі кінәсін мойындап, өкініш білдірді. Ал терактіні орындағандардың бірі Рачаболизода терроризмде кінәсін мойындамаған, адамдарды атуын исламның радикалды ағымына берілгендігімен түсіндірген.
Еске сала кетейік, Мәскеу маңындағы «Крокус Сити холлда» 2024 жылдың 22 наурызында аса ірі теракт болды. Қарулы адамдар «Пикник» тобының концертіне келген көрермендерге оқ жаудырды. 149 адам қаза тапты, бір адам хабар-ошарсыз кетті, 609 адам жарақат алды. Келтірілген залал шамамен 6 миллиард рубльді құрады.