Авто

Жүрілген қытай көлігін қалай дұрыс таңдау керек – сарапшы кеңесі

Фото: kursiv.mediа архиві

Қазақстанның екінші нарығында қытай брендтеріне тиесілі көліктер саны көбейіп келеді. Алайда қытайлық көліктерді сатып алғанда ескеру керек тұстары да бар. Fit Service автосервистер желісінің техникалық директоры Никита Родионов жүрілген көлікті таңдау кезіндегі негізгі рисктер туралы айтып берді.

Қазіргі қытайлық автокөліктер бұрыннан таныс жапон және корей көліктерінен едәуір ерекшеленеді. Сондықтан қолданылған жеңіл көлікті таңдағанда тек бағасы мен сыртқы түріне емес, болашақтағы қызмет көрсету шығындарына да назар аудару маңызды.

Жүрілген қытайлық көліктер қанша тұрады

Екінші нарықта қытайлық автокөліктердің басты артықшылығы, салыстырмалы түрде қолжетімді бағасы. Қазақстанда жасы 2–3 жыл болатын модельдерді сегментіне, жабдықталуына және жағдайына байланысты шамамен 6–8 млн немесе 9–12 млн теңге аралығында табуға болады. Көліктің бағасына тек жүрісі емес, оның Қазақстанға ресми жеткізілгені немесе «сұр» импортпен әкелінгені де әсер етеді.

Танымал модельдерді таңдаған дұрыс

Родионов көлік маркасының қаншалықты кең таралғанына назар аударуға кеңес береді. Бренд неғұрлым танымал болса, қосалқы бөлшектерді табу және білікті мамандарды іздеу соғұрлым жеңіл болады. Ал сирек кездесетін модельдерде бөлшектер каталогын табу, қажетті детальдарды іріктеу және техникалық құжаттамамен жұмыс істеу кезінде қиындықтар жиі туындайды.

«Кейде аздап қымбатырақ болса да, кең таралған модельді алған дұрыс. Өйткені бір кезде аз мөлшерде әкелінген сирек көліктер кейін мәселе тудыруы мүмкін», деді маман.

Климатқа бейімделуі

Кейбір қозғалтқыштар мен трансмиссиялар басқа нарықтарға арналғандықтан, Қазақстанның климатына онша бейімделмеген болуы мүмкін. Сондықтан сарапшы жергілікті нарықта кеңінен сатылатын нұсқаларды таңдауға кеңес береді.

Жөндеу кезіндегі қиындықтар

Қазіргі қытайлық автокөліктердің орташа комплектациясының өзі көптеген функциялармен жабдықталған. Оларда көбіне:

  • үлкен сенсорлы экрандар,
  • жүргізушіге көмек көрсететін жүйелер,
  • күрделі мультимедиа,
  • көптеген электронды модульдер болады.

Алайда мұның бәрі көлікті жөндеуде қиындық туғызады.

«Қытайлық өндірушілер өздерінің платформалары мен электронды архитектурасын қолданады. Сондықтан бұрынғы жапон көліктеріндей гаражға кіріп, оңай жөндей салу мүмкін емес», дейді сарапшы.

Сатып алар алдында нені тексеру керек

Сарапшы мәміле жасамас бұрын көлікті мұқият диагностикадан өткізуге кеңес береді. Әсіресе мыналарға назар аудару қажет:

  • қозғалтқышқа,
  • беріліс қорабына,
  • электронды жүйелерге,
  • басқару блоктарына,
  • жүргізушіге көмек жүйелеріне.

Турбинасы бар қозғалтқыштар мен «робот» беріліс қораптары майдың сапасына және техникалық қызмет көрсету тәртібінің сақталуына өте сезімтал. Сондықтан майдың тұрақты ауыстырылғаны туралы деректердің болмауы, алаңдарлық жәйт. Ал электрониканы тексеру жол-көлік оқиғасынан кейінгі немесе сапасыз жөндеуден қалған ақауларды анықтауға көмектеседі.