Жаңалықтар

Астанада шетелдіктерді заңсыз жұмысқа алған 32 қазақстандық жауапқа тартылды

Фото: kursiv.media архиві

Астанада шетелдік азаматтарды заңсыз еңбекке тартқаны үшін 30-дан астам жұмыс беруші жауапқа тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы тұрғындарды көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізіп келеді. Рейдтік шаралар барысында қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзып, Қазақстанда жүрген 1400 шетелдікті анықтаған. Олардың азаматтығы болмаған. Сондай-ақ оларды қабылдаған 432 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін және еңбек мигранттарын заңсыз тарту фактілері анықталды. Келтірілген құқық бұзушылықтар үшін 32 жұмыс беруші жауапқа тартылды», – делінген хабарламада.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған аралас ауданаралық сот шешімімен 250 шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылды, олардың 57-сі мәжбүрлі түрде депортацияланды.

Айта кетейік, Қазақстанда еңбек мигранттарына қатысты салық төлеудің жаңа тәртібі енгізілді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек иммигранттары жеке табыс салығын (ЖТС) бұрынғыдай алдын ала бекітілген төлем арқылы емес, жаңа есептеу формуласы бойынша төлейді.