Lifestyle

14 наурыз – Көрісу күні немесе Амал мерекесінің шығу төркіні

фото: ЖИ

2024 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Наурызнама» онкүндігі аясында Наурыз мейрамы жаңа форматта тойлана басталды. Сол жылдың наурыз айында Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы қаулы қабылдап, 14-23 наурыз аралығын «Наурызнама» онкүндігі деп жариялады.

Онкүндіктің алғашқы күні ретінде 14 наурыз – Көрісу күні бекітілді. Kursiv Media Көрісу күнінің шығу тарихына тоқталып өтті.

Неге 14 наурыз Көрісу күні

Ерте замандарда қазақ халқы үшін қыс мезгілі нағыз сын сағаты болған. Қытымыр аяз бен жұттан мал-жанын аман алып шыққан көшпелі жұрт көктемнің алғашқы күндерін үлкен қуанышпен қарсы алған.

14 наурыз күні қыс бойы бір-бірінен алыстап, қатынаса алмаған ауылдар мен туыстар жиналып, аман-саулық сұрасып, қауышқан. Сондықтан бұл күннің «Көрісу» деп аталуының негізгі себебі – адамдардың бір-бірін көріп, амандығына көз жеткізуінен туындаған.

Тарихы

Күнтізбелік тұрғыдан алсақ, 1918 жылға дейін Ресей империясы мен оған қарасты аймақтарда Юлиан күнтізбесі (ескі стиль) қолданылған. Сол күнтізбе бойынша 1 наурыз қазіргі Григориан күнтізбесімен 14 наурызға сәйкес келеді. Халқымыз ежелден осы күнді Жаңа жылдың басы, яғни «Амал» мерекесі деп есептеген. Күн мен түннің теңелуіне (22 наурыз) дейінгі осы бір апталық дайындық кезеңі көктемнің нақты келгенін білдірген.

Аңыз-әпсаналарға сүйенсек, Көрісу күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқтаған күнмен де байланыстырылады. Топан су қайтып, тіршілік иелері құрлыққа шығып, бір-бірімен қуана қауышқан сәті осы күнге сәйкес келеді деген сенім бар. Сондай-ақ, бұл күні табиғат ана оянып, көк шыға бастайтын, Самарқанның көк тасы жібитін кезеңнің бастауы деп саналады.

Географиялық тұрғыдан мереке елдің батысында жақсы сақталған. Кейбір тарихшылар мұны сол аймақтағы Алтын Орда дәуірінен қалған дәстүрлердің сабақтастығымен байланыстырады. Алайда, қазіргі таңда Көрісу күні жалпықазақстандық сипат алып, ұлттық бірегейлігімізді айқындайтын маңызды тарихи жәдігерімізге айналды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Наурызнаманың онкүндігі аясында Алматы мен Астанада қандай іс-шаралар өтетінін жазған едік.