Жаңалықтар

Әкімдіктің бұрынғы қызметкері зорлық жасады деген күдікпен қайта ұсталды

Фото: Shutterstock

Батыс Қазақстан облысында 57 жастағы бұрынғы әкімдік қызметкері 16 жастағы жасөспірімге зорлық жасады деген күдікпен қамауға алынды.

Қазір полиция кәмелетке толмаған қыздың әкесінің уәжін тексеріп жатыр. Әкесінің айтуынша, жасы үлкен мемлекеттік қызметкер қызын мәжбүрлеп қатынасқа түсірген.

Ал бұған дейін қыз бен оның анасының сөзі әкесінің айтқанына қарама-қайшы еді. Олар барлығы екі жақты келісіммен болды деген. Бірақ әкесі қызына қысым жасалуы мүмкін деп есептейді. Осыдан кейін іс қайта қозғалды.

БҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, қосымша айтылған мәліметтер сотқа дейінгі тергеу аясында тексерілген.

«Күдікті қамауға алынды. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қадағалауды прокуратура органдары жүзеге асырып отыр. Қорытынды шешім сотқа дейінгі тергеу нәтижесіне сәйкес қабылданады», – делінген хабарламада.

Мәселенің мән-жайы

Шенеунік кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық жасады деп айыптаған іс өткен айда хабарланған еді. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, оқиға 2 қаңтар күні болған. Ол 57 жастағы ер адам кәмелетке толмаған қызын үйіне алдап шақырып, зорлады деп отыр. Полицияға арыз жазылғаннан кейін күдікті ұсталып, жауап алынған. Алайда оны босатып жіберген.

Күдікті аудан әкімдігі бөлімдерінің бірінде жұмыс істеген. Шағым түскеннен кейін ол қызметінен кеткен.