Қозғалтқыштағы ақау салдарынан Air Astana тобының таза пайдасы 72 пайызға қысқарды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Air Astana компаниялар тобының таза пайдасы қысқарды / Фото: Shutterstock

Air Astana тобының 2025 жылғы таза пайдасы 72,5%-ға азайып, 13,6 млн АҚШ долларын құрады. Таза пайданың азаюына Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты туындаған техникалық қиындықтар мен соған байланысты жоспардан тыс жөндеу жұмыстары себеп болды.

Жыл қорытындысы бойынша топтың жалпы табысы мен өзге де кірістері 11,4%-ға өсіп, 1 453,9 млн АҚШ долларына жетті. Негізгі операциялық пайда (EBITDAR) 0,8%-ға ұлғайып, 321,2 млн АҚШ долларын құрады.

Техникалық мәселелерге қарамастан, компания тасымал көлемін арттырып, бір жылда 9,7 млн жолаушыға қызмет көрсетті (өсім 7,9%). Әуе кемелерінің орташа жүктемесі 82,7% деңгейінде сақталған.

2025 жылы компания маршрут желісін оңтайландыру аясында Қытай, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа бағыттарын қоса алғанда, барлығы 25 жаңа бағыт ашты.

Сонымен қатар, борттық ойын-сауық жүйесі жаңартылып, ол жаңа мобильді қосымшамен біріктірілді. Бұл жолаушыларға медиа-контентті өздерінің жеке құрылғылары арқылы көруге мүмкіндік берді.

Былтыр Pratt & Whitney қозғалтқыштарын 22 рет жоспардан тыс шешіп алуға турал келген. Соның салдарынан ең жоғары сұраныс кезеңінде топтың 13 ұшағына дейін істен шығып, бұл компанияның жалпы маржасына қысым тудырды.

Air Astana тобы – табысы мен әуе паркінің көлемі бойынша Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы ең ірі авиациялық топ.

Компания құрамында екі бренд жұмыс істейді: 2002 жылы алғашқы рейсін орындаған Air Astana әуе компаниясы және 2019 жылы негізі қаланған FlyArystan лоукостері. Қазір топтың әуе паркі 62 ұшақтан тұрады.

2024 жылы Air Astana компаниясы ІРО (акцияларды алғашқы жария орналастыру) өткізіп, шамамен 370 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты.

Осы стратегиялық қадамның нәтижесінде компанияның акционерлік құрылымы айтарлықтай өзгеріске ұшырады: «Самрук-Қазына» қорының үлесі 41%-ға дейін, ал BAE Systems компаниясының қатысу пайызы 16,9%-ға дейін төмендеді.

BAE Sistems компаниясы 2025 жылы Air Astana акциясының 10,1 пайызын сатты.

2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша акциялар пакеті келесідей бөлінді: компанияның негізгі үлесін (41%) «Самрук-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры иеленсе, акциялардың 37,53%-ы номиналды ұстаушы ретінде CITIBANK, N.A.-NY еншісіне тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз