
Алматы-1 теміржол станциясында оқыс оқиға орын алды – пойыз локомотиві рельстен шығып кетті. Бұл туралы ақпарат фотосуреттермен бірге әлеуметтік желілерде пайда болды.
«Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 наурыз күні сағат 15:20-да Алматы-1 станциясының тракциялық жолдарында маневр жасау кезінде ВЛ80С электровозының дөңгелектері рельстен шығып кеткен.
Компания мәліметінше, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Теміржол инфрақұрылымына зақым келмеген, пойыздар қозғалысы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
«Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде және арнайы комиссия оқиғаның себептерін тергеп жатыр», – деп нақтылады ҚТЖ-дан.
Бұған дейін локомотивтерге қатысты осыған ұқсас жағдай Жамбыл облысындағы Жаңатас станциясында да орын алған болатын.