
Алматы қаласында Қарулы күштер мен ұлттық қауіпсіздік жүйесіне арналған инновациялық шешімдерді дамытуға бағытталған Defense Tech IT Park қорғаныс технологиялары орталығының таныстырылымы өтті.
Жаңа орталықты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Армия үйі базасында ашты. Бұл алаң отандық технологиялық жобаларды әзірлеу мен оларды қорғаныс саласына енгізуді жеделдетуді көздейді.
Жобаны Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен жүзеге асыру жоспарланған. Таныстырылымға Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, сондай-ақ IT-индустрия мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Жиын барысында жаңа орталықтың мүмкіндіктері мен қорғаныс саласына арналған технологиялық бастамалар талқыланды.

Defense Tech IT Park – Қорғаныс министрлігінің 2022 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан Defense Techбастамасының кезекті даму кезеңі. Жоба әскери құрылымдар мен қауіпсіздік жүйесінің қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық инновациялық экожүйені қалыптастыруды мақсат етеді. Таныстырылым барысында отандық IT-компаниялар мен стартаптар цифрлық технологиялар, бейнебақылау жүйелері, деректерді талдау, телекоммуникациялар және жасанды спутниктік шешімдер саласындағы жобаларын көрсетті.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жаңа орталықтың құрылуы елдің технологиялық әлеуетін арттырып, заманауи әзірлемелерді әскерге жедел енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттің қорғаныс қабілеті технологиялық дамумен тікелей байланысты. Сондықтан басты міндет – инновациялық идеяларды әскери салада практикалық тұрғыда жүзеге асыру жолын барынша қысқарту.
Өз кезегінде Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов бұл алаң жас мамандар мен студенттер үшін маңызды білім беру орталығына айналатынын айтты. Мұнда Defense Tech Hub технологиялық білім беру кеңістігі құрылып, ІТ саласының студенттері мен әскери кафедраларда білім алып жүрген жастар практикалық тәжірибе жинақтап, хакатондар мен акселерациялық бағдарламаларға қатыса алады. Сонымен қатар платформа қорғаныс ведомствосы, ғылыми ұйымдар және технологиялық бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, Қазақстанның қорғаныс саласына инновацияларды жедел енгізуге мүмкіндік береді.