
Арыс ауданында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты. Бұл жөнінде Түркістан облысының прокуратурасы хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, тексеру барысында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы 2021 жылы ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізгені анықталған. Ол кооператив атынан 2470 бас аналық ірі қара мен 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны жөнінде дерек көрсеткен.
«Сәйкесінше мемлекеттен кооперативтің банктік есепшотына 24 700 000 теңге көлемінде субсидия қаражаты аударылған. Алайда іс жүзінде селекциялық жұмыстар тек 18 бас асыл тұқымды бұқа және 450 бас аналық ірі қара малға ғана жүргізілген. Ал заңсыз алынған субсидия сомасы 20 200 000 теңгені құраған», – делінген хабарламада.
Сот 2026 жылғы 20 ақпанда кооператив төрайымын аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ 5 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.
Заңсыз алынған қаражат толық көлемде мемлекетке қайтарылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, жақында министр Айдарбек Сапаров бес-алты бас малы бар азаматтарға көмек қалай берілетінін айтқан еді.